ӘЙЕЛІҢ ЖАҚСЫ БОЛСА... Қаз дауысты Қазыбек пен Әлібек батыр ел аралап келе жатса, жол бойында бір қария жолығады. Сонда Әлібек батыр әлгі қариядан: – Уа, ақсақал, ауыл берекесі қайтсе кетеді? – деп сұрайды. Әлгі адам сәл ойланып: – Ауыл ақсақалы шала болса, жігіттері алты ауызды ала болса, кішілері үлкеніне сен десе, міне, сол ауылдың берекесі кетеді, - дейді. Қаз дауысты Қазыбек би тұрып: – Уа, қария, ал үйдің берекесі ше? Үйдің берекесі қайтсе кетеді? – деп сұрайды. Қария: – Әйелің қабағын түйіп керілсе, шай құйып беруге ерінсе, ұлың ұрысқа сай болса, келінің керіске сай болса, қызың сумақай болса, сол үйдің берекесі кетеді, – деп жауап береді. – Не жақсы? Ақсақал мүдірмей: – Атың жақсы болса, тіршілікте мінген пырағың. Балаң жақсы болса, жанып тұрған шырағың. Әйелің жақсы болса, досың жаныңа жиналып, риза болар қонағың, - дейді. – Не жаман? – Атың шабан болса, тіршілікте көрген азабың. Балаң жаман болса, ғұмырлық көрген азабың. Әйелің жаман болса, досың сенен безініп, үйіңнен кетер қонағың, – деген екен... #асыларна #ОтбасыТыныштығы #береке #әйел

Теги:

Теги других блогов: